Араға 3 ай салып Футболдан Қазақстан Премьер-Лигасы қайта басталды. Футбол маусымының алғашқы ашылу салтанаты бұл жолы Шымкент қаласындада өтті. Осы орайда 1-ші турды өз алаңдарында қабылдаған Шымкенттік Ордабасы командасы Қарағандының Шахтер командасымен кездесті.
Ойын барысында алаң иелері шымкенттік футболшылар басымдықты өз қолдарына алды. Бірінші таймда қаншама шабуыл жасап қауіп төндіргенімен Шахтер қақпасынан саңылау таба қоймады. Үзілістен соң екінші таймға қайта оралған қос команда ашық ойынға кіріскендей әсер қалдырды.
Нәтижесінде алаң иелері алғашқы голды 71-ші минутта соғып, есеп ашты. Голдың авторы жаңадан команда қатарына келіп қосылған бразилиялық легионер Жауо Пауло. Араға 8 минут салып, тағы бір легионеріміз Онтүстік Африка Республикасының ойыншысы Май Махлангу Алексей Щеткиннен пас алмасып есепті еселеді. Сондай-ақ, алаң иелері кездесудің 83-минутында үшінші голды салып ойынның нүктесін қойды. Голдың авторы жартылай қорғаушы Жауо Пауло дубль авторы атанып қос голды қанжығасына байлады. Осылайша, Дмитрий Непогодов қорғаған қақпаның кілтін таба алмаған кеншілер маусымды жеңіліспен бастады. Ал Грузин маманы Кахабер Цхададзенің шәкірттері Қажымұқан стадионына келіп жиылған 6500 жанкүйер қауымды қуантып тастады.
Сонымен матч 3-0 есебімен аяқталып, Ордабасы командасы маусымды сәтті бастап, алғашқы 3 ұпайды қоржынына салды. Келесі екінші тур матчында шымкенттік команда 15 наурыз күні ақтөбеліктерді өз алаңдарында қабылдайтын болады.