Қазақстан мен Тәжікстанның әуе компаниялары екі ел арасындағы рейстердің санын арттыру мүмкіндігіне ие болды, Бұл жайында ақпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің Фейсбуктегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.
«ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті шетелдермен әуе қатынасын кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Мемлекет басшыларының тапсыруымен Душанбеде Қазақстан мен Тәжікстанның авиациялық билік органдары өкілдерінің екіжақты келіссөздері өтті. Оған «Эйр Астана», «SCAT», «Tajik Air» және «Сомон Эйр» әуе компанияларының өкілдері де қатысты. Келіссөздер қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылып, екі елдің әуе компаниялары аптасына 18-ден 32-ге дейін рейстерді, атап айтқанда, Алматы-Душанбе бағыты бойынша 12 рейске дейін, Астана-Душанбе бағыты бойынша аптасына 6 рейске дейін, бұдан бөлек Астана, Алматы, Шымкент, Тараз және Душанбе, Худжанд, Қорған-Төбе, Куляб қалалары арасындағы бағыттар бойынша аптасына 14 рейске дейін арттыруға мүмкіндік алды», — деп атап өтеді комитеттен.
Ведомство мәліметінше, ел арасында аптасына 32 рейс орындауға мүмкіндік беретін құқықтық негіз қаланды. Сонымен қатар, екі елдің бекітілген әуе компаниялары өздері мен үшінші елдердің әуе тасымалдаушылары арасында коммерциялық келісімдерді (кодтарды бірігіп қолдану, орындықтарды ұсыну және т.б.) жасауға мүмкіндік алды. «Еліміз арқылы транзиттік жолаушылар тасымалын дамыту мақсатында Қазақстан мен Тәжікстанның аймақтық әуежайлары арасында тікелей әуе рейстерін ашу мәселесі де қарастырылуда. Қазіргі уақытта қол жеткізілген келісімдердің негізінде қазақстандық әуе тасымалдаушылар 2019 жылдың көктемгі-жазғы навигациядан Астана, Алматы және Душанбе қалалары арасындағы тұрақты рейстер санын арттыруды жоспарлап отыр», — дейді Азаматтық авиация комитетінен.
Дереккөз: ҚазАқпарат.