Түркістан облыстық мәслиxаттың «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы жанындағы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға Ұлттық қордан және бюджеттен бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиссиялардың бірлескен мәжілісі өтті. Маңызды бас қосуда 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Түркістан облысында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. 2018 жылы Түркістан облысы үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында қаржыландырудың барлық көздері арқылы тұрғын үйжі пайдалануға тапсыру жоспары 344,7мың шаршы метр болып белгіленген. Жыл қорытындысында 395,7мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3020 пәтер пайдалануға берілген екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 124,2%-ға өскендігін көрсетіп отыр.
2018 жылы Республикалық бюджет есебінен 5 669,6 млн теңге және облыстық бюджет есебінен 4 615,1 млн теңге бөлінген. Осы қаржылар 100% толық игеріліпті. Сондай-ақ, өткен жылы облыста мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалпы соммасы 2,03 млрд теңгеге 15 нысанның құрылысы жүргізілген.
Жиында 2019 жылы да тұрғын үй құрылысының жоспарлары айтылды. Осы жылы Түркістан облысындағы тұрғын үйлердің құрылысына республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге және облыстық бюджеттен 7,3 млрд теңге қарастырылып, 63 көпқабатты арендалық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілетін болады.