— Астана қаласының 20 жылдығына және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына орай «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» тақырыбымен халықаралық ғылыми конференция өтті. Түркістан төріндегі мәдени шараға Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінің ғалымдары да арнайы келген.
— Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Шымкент қаласында баспана санын көбейтпек. Жаңа нысандар қаланың екі ауданында, атап айтқанда Shymkent city мен Әкімшілік-іскерлік орталықта тұрғызылатын болады. Жалпы алғанда 150 мың шаршы метр қолжетімді баспана сатылады. Оның 1 шаршы метрі 140 000 теңгені құрап отыр.
— Шымкент қаласының төрінде Шығыс Қазақстан облысының омарташылары жәрмеңке өткізді. Еліміздің шығысынан келген омарташылар қала тұрғындарына 15 түрлі балды ұсынуда. Әр жыл сайын өткізілетін жәрмеңкеде табиғи, таза өнімдерді сатып алушылар қатары да көп.
— Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрінің орынбасары құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықады. Юрий Ильин Шымкент қаласында өткен мерекелік шарадан кейін өрт сөндіру мекемелерінің техникалық –базасымен танысты. Заман талабына сай 2 жыл сайын жаңартылып тұратын техникаларға 2017 жылы 422 млн теңге қаржы жұмсалған. 2018 жылы техникаларды жаңартуға бюджеттен 355 млн теңге бөлініпті. Ал жарамды деп есепке алынған техникалар алдағы күндері облыстың аудандарына жолданбақ. Сондай-ақ өрт сөндіру техникаларының бірқатарын Түркістан қаласына жөнелту жоспарда бар. Өрт сөндіру құрал жабдықтарымен танысқан Юрий Ильин Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар Департаментінің кәсіби даярлық мектебіне барды. Оқу орны жылына 300-ден астам құтқарушы мамандар даярлайды.
– Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында денсаулық сақтау саласына да басымдық берілген. Бұл тұрғыда Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуі тиіс деді. Аталмыш жүйе 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Міне осы бағыт аясында Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында да Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
— «Менің кіші Отаным!». Дәл осындай тақырыпта жас тарихшылар арасында республикалық интеллектуалдық конкурсының қалалық кезеңі өтті. Мақсат мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын іске асыру. Туған елдің тарихына аса қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін дамыту.
— «Заманауи әдіскер: бастама, шығармашылық, құзіреттілік» тақырыбында Сайрам ауданына қарасты «Арофат» мектебінде семинар ұйымдастырылды. Мақсат, мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жекеменшік мектептерді көбейту арқылы үш ауысымды білім ордаларының санын азайту. Осы орайда оқу ордаларын ашуға ниет білдірген инвесторлар 300 балаға арналған «Арофат» мектебінде бас қосты.