Нұрлан Ермекбаев Президент көмекшісі — Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. «Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатылсын», — делінген хабарламада.
Нұрлан Ермекбаев 1963 жылы туған. Орыс, қытай, ағылшын және португал тілдерін меңгерген. Саяси ғылымдар кандидаты. 2001 жылдан бастап 2003 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі. 2003 жылдан бастап 2004 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Сингапурдағы уақытша сенімді өкілі (дипмиссия басшысы).
2004 жылдан бастап 2006 жылға дейін — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2006 жылдан бастап 2007 жылға дейін — Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі. 2007 жылдан бастап 2010 жылға дейін — Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары. 2010 жылдан бастап 2012 жылға дейін — Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі. 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. 2012 жылдан бастап 2013 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Вьетнам Социалистік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы. 2012 жылдан бастап 2014 жылға дейін — Қазақстан Республикасының Корея Халықтық Демократиялық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы. 2014 жылдан бастап 2016 жылға дейін — Президенттің көмекшісі — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.
2016 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалған еді.
Kaz.tengrinews.kz