«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде жеке меншік үйлер салынуда. Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту – «Бәйтерек» Ұлттық Холдингі іске асырып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасының пилоттық бағыты. Қазақстанда пайдалануға берілетін үйлердің жартысы жекеменшік тұрғын үй құрылысы санатына жатады. Бірақ көп жағдайда бұл құрылыстардың барлығы шашыраңқы және ретсіз орналастырылған. Сондықтан, әлемдегі жетекші қалалардың үлгілері бойынша бірыңғай сәулеттік стильде жеке меншік үйлер салу шешімі қабылданды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Жинақы коттедж қалашықтары барлық облыстың елді мекендерінде салынуы тиіс. Көптеген өңірде жергілікті атқарушы органдар құрылыс салынатын орындарды болжаммен белгілеп қойған. Олар облыс орталықтарына жақын орналастырылған аумақтар немесе жоғары даму әлеуеттері бар шағын қалалар.
«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде коттедждерге кім үміттене алады?
Коттедждер жергілікті атқарушы органдарда жеке меншік тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға кезекте тұрғандарға беріледі. Мемлекеттен жерді үміткер кезегі келгенде тегін алады, ал салынған үй үшін оған ақы төлеуге тура келеді. Мұны өз қаражаты есебінен немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдік қарызын алып жасауға болады. Бұл үшін ҚТҚЖБ-да шот ашу керек және онда тұрғын үй құнының кемінде 30%-ы болуы қажет. Бұл жағдайда жылдық 5%-бен қолжетімді кредитке ниеттенуге болады.
Үй қанша тұрады?
«Нұрлы жер» бағдарламасының шарттары бойынша бір шаршы метр тұрғын үй құрылысының құны 120 мың теңгеден (ИКИ құнын есептемегенде) аспауы керек. Қолжетімді бағаны үй салу комбинаттарын тарту және қазақстандық құрылыс материалдарын пайдалану есебінен қамтамасыз етеді.
Құрылыс бойынша барлық шығысты құрылыс салушы өзіне алады, ол тек алаңы мен қабаты бойынша ғана ерекшеленетін бірыңғай сәулеттік стильдегі мықты үйлердің белгілі бір санын салады. Мысалы, 83 шаршы метр алаңындағы үй 10 млн теңгені құрады. Басында бағдарламаға қатысушы-кезекте тұрушы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы осы тұрғын үйді сатып алуды шешкен. Бұл жағдайда ол ҚТҚЖБ-да шотқа ақша жинауы керек немесе осы соманың 30 %-ын, яғни 3 млн теңгені бір уақытта енгізуі қажет. Бұл алғашқы жарна болып табылады.
Қалған соманы өтеу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 13 жылға жеңілдік қарызын береді. Оның ішінде: алғашқы тұрғын үй қарызын (жылдық 5%) 66 000 теңгеден 5 жыл төлеу керек. Тұрғын үй қарызы (жылдық 4,5%) – 8 жыл. Ол бойынша ай сайынғы төлем 62 000 теңгені құрайды. Кредитті мүмкіндік туған жағдайда кез келген уақытта толық өтеуге болады — мұнда ешқандай шектеу жоқ.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыс әкімдіктерімен қалай жұмыс істеуде?
Өңірде пилоттық жоба іске асырылатыны туралы хабарламаны жергілікті атқарушы орган (облыстық әкімдік) жариялайды. Ол жерде кезекке тұрушылар тізімі жасалады. Содан кейін оларға төлемге қабілеттілігін бағалаудан өту үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жолдама береді. Егер үміткерлер өз кірісін растаса, әкімдік кезекке тұрушылардың түпкілікті тізімін жасайды және сатып алу-сату шарттары ресімделеді. Осыдан кейін құқық белгілеуші құжаттар қарыз ресімдеу үшін ҚТҚЖБ-ге тапсырылады. Банк учаскесі бар жеке меншік үйді кепілге қойып, кредит береді.
350 коттедж «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жыл соңына дейін тапсырылады. Алғашқы болып Қостанай және Ақтөбе облыстарының тұрғындары қоныс тойын тойлайды. Ол жерлерде объектілердің құрылысы толық жүріп жатыр және олар қыркүйек айының соңында толық аяқталады. 2017 жылы пайдалануға шамамен барлығы 350 үйді тапсыру жоспарланып отыр.
Дереккөз: Baq.kz ақпарат агенттігі