Ордабасы ауданында құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынды аудан прокуроры Б.Булеулиев ашып, жиынның мақсатына тоқталды. Аудан прокуратурасының аға прокуроры С.Сапарымбетов мал ұрлығының күрт өсуі жөнінде баяндаса, аудан әкімінің орынбасары Б.Омарбеков малдардың сырғалануы, құжаттандырылуы, ауданда күдікті деген малдарды қамайтын арнайы оқшаулау орындарының ашылғаны жөнінде мәлімдеме жасады. Жергілікті полиция басшысының міндетін атқарушы Ә.Ерсариев, аудандық Ішкі істер бөлімінің басшысы Қ.Сахов аудандағы қылмыс деңгейі, оның ашылу пайызы жөнінде айтып, атқарылып жатқан жұмыс барысын тілге тиек етті.
Ордабасы ауданының әкімі А.Мамытбеков қылмыстың өршуіне қылмыскерлердің жазасыз қалуы да себепті екенін тілге тиек етті. Көп жағдайда шығынның орны толтырылған соң адамдар қылмыскерге кешірім беріп, кеңшілік танытып жатады. Осылайша өз жоғын түгелдеген азаматтар өзгенің де осы халге түсуіне себепші болғанын білмей де қалады. Осы орайда аудан басшысы ауыл әкімдеріне мал ұрлығының жолын кесу, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша учәскелік полицейлермен бірге жұмыс жасауды, тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі