Бүгінгі Кентау — шағын қалаларды дамыту бағдарламасына енген облыстағы жалғыз қала. Шаһар биыл 60 жылдық мерекесін атап өтуде. Мерекелі іс-шараларға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов, Бас Мүфти, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Маямеров, мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жылқышиев, ҚР мәдениет қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов қатысты. Мерекелік шаралар Кентау тұрғындарына пәтер кілтін тапсыру рәсімінен бастау алды. Кентау Трансформатор зауыты күрделі жөндеуден өткізген үй пәтерінің кілтін облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мен қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев 48 жас отбасына тапсырды. Салтанатты жиында Дархан Сатыбалды облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың құттықтау сөзін жеткізіп, барша қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды облыс пен Кентауға еңбегі сіңген азаматтарға алғыс хаттар мен төс белгілер табыстады.