Шымкент қаласында көпбалалы аналар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын несие алып, әр түрлі кәсіппен айналысып отыр. Осылай өз -өзін жұмыспен қамтып отырған көпбалалы ана Динара Балғабекова.
Қазіргі таңда бесінші перзентіне жүкті 31 жастағы ана өткен жылы жұмыссыз қалған кезінде қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Еңбек» бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын тәмамдаған. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жылдық пайызы 5% -дан аспайтын 6 млн теңге шағын несие рәсімдеген. Бұл қаражатқа дәмхана ашып, бүгінде 4-5 адамды жұмыспен қамтып отыр, — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
–Жеке кәсібімді ашу көптен армандап жүрген едім. Сол арманым жүзеге асып, бүгінде отбасымды және өзге де азаматтарды табыспен қамтамасыз ету мүмкіндігін алдым. Алдағы уақытта дүкен ашып, кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. Мемлекет тарапынан көпбалалы және табысы төмен отбасыларға көрсетіліп жатқан осындай қолдауларға өз ризашылығымды білдіремін,-дейді Динара Балғабекова.
Мемлекеттік бағдарламаның басты бағыттарының бірі — жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Жұмыссыз жүрген азаматтар сұранысқа сай мамандықты игеріп қана қоймай, төмен пайызды мөлшерлемемен шағын несиелер алып, жаңа бизнес жоспарын жүзеге асыра алады. Шымкент қаласында бұл бағытта өткен жылы 74 адам шағын несие алса, 4800-ден астам азамат қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ал, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2820 адам білім алған.