Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Диспетчерлік қызмет орталығы бірлесіп, жаңа жобаны қолға алуды шешті.
Жобаның мақсаты — қоғамдық көлік өкілдерінің көлік жүргізу кезінде мәдениет пен қауіпсіздік деңгейін арттыру, қоғамдық көлік жүргізушісінің имиджін жақсартуға бағытталған.
Жобаға қатысқан жүргізушіге міндетті түрде сертификат беріледі. Айта кетерлігі, сертификатсыз қоғамдық көлік жүргізушісі ретінде жұмысқа орналаса алмайды.
Егер жүргізуші сертификат алғаннан кейін еңбек тәртібін бұзуды жалғастырса, онда ол қайта аттестациялаудан өтуге міндетті. Этикалық нормалар мен еңбек тәртібін бірнеше рет бұзған жүргізушілер келешекте «қара тізімге» енгізілетін болады. Бұл тізімде тұрған жүргізуші қоғамдық көлік жүргізушісі ретінде жұмысқа қабылданбайды.
— Қазіргі уақытта қоғамдық көлікке байланысты бірқатар маңызды мәселелер бар. Осы орайда жолаушылар мен жүргізуші арасында қандайда бір мәселелер орын алса немесе қосымша сұрақтарыңыз болса Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 24-75-17 нөміріне хабарласуларыңызға болады немесе transport.shym инстаграмм парақшасына қалдырсаңыздар болады, — дейді сала мамандары.