Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – үлкен саяси бетбұрыстардың басы. Мұндай пікірді ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Карин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қыркүйектің бірінші күні Парламенттің жаңа сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жариялады. Жолдау көлемді де мазмұнды болғаны соншалық кейбір бақылаушылар Президент Парламент мінберінен 88 минут бойы үздіксіз сөз сөйледі деп есептепті. Шындығында да, Президент Жолдауы көлемді құжат болып шықты. Биылғы Жолдау 11 ірі тараудан тұрады: экономика, мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат, аймақтардың дамуы, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, экология, құқық қорғау саласы, саяси реформа және жаңа құндылықтар. Кейбір сарапшылар Президенттің биылғы Жолдауында «саяси тақырып аз қамтылды» деп баға беруде. Өкінішке орай бұл сарапшылар аталған маңызды құжатты мұқият қарап, терең талдамағаны көрініп тұр», – деді Ерлан Карин.
Оның атап өтуінше, шын мәнісінде Президент биылғы Жолдауда бір емес бірнеше тарауды өзекті, түрлі саяси-қоғамдық мәселелерге арнап, көптеген жаңа саяси бастамаларды жариялады.