Киелі Сыр өңірінде халықаралық деңгейде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фестиваль өтті, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фестивальге қатысушы қонақтар алғашқы күні алдымен облыстық тарихи-өлкетану музейі, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан қала тарихы музейі және «Рухани жаңғыру» орталығына барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Кешке фестиваль А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Тұран – түркі есігі, Қорқыт — жырдың бесігі» атты өнерпаздар концертіне ұласты.
Шараның екінші күні облыстық мекемелер үйінде «Қорқыт ата мұраларының Түркі әлеміндегі рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен жалғасты. Жастар ресурстық орталығында «Түркі әлемін тоғыстырған Сыр елі» атты түркітілдес елдер жастарының пікір алмасуы өтеді. Сол күні кешке «Достық үйінің» алаңында «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болды. Ал шараның соңғы күнінде қаладағы оқу орындары мен облыстық филармонияда өнерпаздар шеберлік дәрістерін көрсетті. Үшінші күні түс ауа фестиваль қонақтары Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» ескерткіш кешеніне барды. Ол жерде Сыр елі қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі және «Алтыбақан» жастар ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Кешке фестивальдің салтанатты жабылу шарасы болды.
2006 жылдан басталған өнер фестиваліне Түркия, Иран, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 150-ге жуық өнерпаз бен фольклортанушы ғалымдар қатысты.