Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қоғамдағы көптеген маңызды мәселелерді сөз етті. Соның бірі — партиялы құрылым процесін жалғастыру. Бұл ретте Президент «Nur Otan» партиясының өзге де саяси партиялармен серіктесе отырып жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы осы тұста келісіп пішкен тонның келте болмайтынын нұсқап отыр. Яғни, «Nur Otan» партиясы нағыз қоғамшыл, нағыз халықшыл партияға айналуы тиіс.
Ол үшін барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өзге де саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстармен біте қайнасып, бірлесе әрекет етсе, ұтымды болары анық. Халықтың сенімін ақтаудан басқа ұлы мұрат жоқ. Бүгінгі нұротандықтар осы сөздің түп-төркінін терең ұғынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге барынша атсалысатын болады.
Ел түрлі қиындықтар мен кедергілерге ұшырағанда «Nur Otanға» үміт артып, көмек сұрап келеді. Өткен 8 айдың өзінде біздің облыстық Қоғамдық қабылдауға 5204 арыз-шағым түскен. Мұнда көтерілген мәселенің басым бөлігі шешімін тауып, тиісті көмектер көрсетілді. Дегенмен қордаланған мәселелер жеткілікті. Оны бәріміз келісім столында кеңесе отырып шешкеніміз дұрыс. Халықпен байланыс жаңаша форматта жандануы тиіс.
Рас, соңғы жылдары түйінді түйткілдер мінбелерде емес көшелерде талқыланатын болып жүр. Яғни елімізде азаматтық қоғаммен диалог әлі дұрыс орныға алған жоқ. Билік пен халықтың арасында қоғамдық диалог дұрыс орнықпаса, еліміздегі татулық пен тұрақтылық туралы сөз қозғау бекер болады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер осы байланыстың дұрыс орнығуына өзіндік үлесін қосуы тиіс. Әрбір мемлекетшіл азамат халықтың мұң-мұқтажын тыңдаудан қашпау керек.
Билікке түйінді түйткілді дер кезінде көре білетін, оның шешілу жолын таба білетін азаматтар қажет. Сонда ғана кез-келген түйткілдің түйінін тарқатуға болады. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елбасымыздың «Ел бірлгі – ең басты қасиет» деген қанатты сөзі біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық, барлығымыз бірге болсақ еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін», деді.
Жолдауда көтерілген тағы бір маңызды мәселенің бірі – баспана. 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады деді Президент. Аталған бағдарламаның тиімділігі мол. Яғни, жеңілдік мөлшерлемесі небәрі 2 пайызды, алғашқы жарнасы 10 пайызды құрайды. Егер біз осы бағдарламаны толық іске асыра алсақ, қаншама көпбалалы отбасылар мен мүгедек бала асырушы жанұяларды, жастарды баспанамен қамтыған болар едік.
Елдің дамуын әрбір отбасы сезінгенде ғана берекелі қоғам орнайды. Ал баспаналы болу соның басты шарты. Бұл бағытта соңғы жылдары нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Түркістан қаласының өзінде өткен аптада 700-дей әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы баспанаға қол жеткізді. Бұл жұмыстар еселенері анық.
Мемлекет басшысы жеңілдетілген салық жүйесі, бизнеске қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік-мәдени саланы қолдау, бала құқығын қорғау бағыттары бойынша еліміздегі басты проблемаларды атап көрсетті. Енді осы түйіткілдерді тарқату үшін жұмылуымыз қажет.
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,
Түркістан облыстық «Nur Otan» партиясы филал
төрағасының бірінші орынбасары