Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлытау — 2019» халықаралық туристік форумында сөйлеген сөзінің толық мәтіні жарияланды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Толық мәтін:
Құрметті Форумға қатысушылар!
Қасиетті Ұлытау жеріне қош келдіңіздер!
Бұл — бүкіл Қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке.
Ұлытау — ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі.
«Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен.
Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған.
Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз!
Қасиетті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұламалар да мойындаған.
Бұған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел.
Ұлытау топырағы — алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер.
Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді.
«Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған.
Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан.
Тірлігінде егескен, топырағы теңескен батырлар туралы әңгімелер осы мақсаттан туған.
Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған.
Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс.
Елбасымыз осыдан бес жыл бұрын Ұлытау төрінде арнайы сұхбат беріп, қасиетті мекеннің мән-маңызын ерекше атап көрсеткенін білесіздер.
Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жөнінде ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз.
Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу — баршамызға ортақ парыз.
Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес.
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ел игілігіне айналды.
Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді.
Енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек.
Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр.
Ал, ұлы ханның үлкен ұлы — Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.
Ата-бабалардың аманатына адал болу — бізге сын.
Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет.
Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру — өте маңызды міндет.
Ұлытау — халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет.
Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы — кенже қалып келе жатқан сала.
Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр.
Ал, Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті.
Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс.
Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау — бүгінгі, яғни біздің заманымыздың талабы.
Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек.
Сондықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді.
Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет.
Қадірлі қауым!
Отандық туризмді өркендету үшін мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізу қажет.
Бірінші.
Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс.
Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру керек. Биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс.
Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфрақұрылымды қажетті тәртіпке келтіруі керек.
Өңір туризм әрі демалыс аймағына айналуы үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет.
Жезқазған — Бейнеу, Арқалық — Шұбаркөл теміржолдарының іске қосылуы — Ұлытау үшін өте маңызды.
Теміржолмен қатар автожолдардың жағдайына көңіл бөлінгені өте қажет.
Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы жолдарды жедел ретке келтіру керек.
Сонымен бірге Арқалық — Ұлытау автожолының ахуалы күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Второе.
Необходимо обеспечить информационную доступность туристического потенциала Казахстана с помощью креативных и инновационных решений.
Министерствам культуры и спорта, а также цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности необходимо разработать интегрированное приложение или платформу, которая обеспечит туристов всей необходимой информацией о Казахстане, и прежде всего об Улытау и других исторических местах.
Третье. Учитывая серьезный мультипликативный эффект от индустрии туризма, нам следует максимально привлекать предпринимателей для строительства гостевых домов, пунктов питания и отдыха во всех рекреационных зонах Казахстана, в том числе через возможности Национальной палаты предпринимателей «Атамекен».
Төртінші. Ұлытау туристік мекенге, демалыс аймағына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс.
Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль орнату қажет.
Қасиетті Ұлытау — ұлтты ұйыстырудың, елді біріктірудің негізі.
Бұл бастамалар халқымыздың ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге оң ықпал етеді деп сенемін. Ұлытаудың тарихы мен тағылымын жастар тәрбиесі мен отаншылдықты, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керек.
Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы — дәл осындай халықтық жобалардың қайнар көзі. Сондықтан ұлы тарихтың куәсі — Ұлытау ұдайы мемлекет назарында болады.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев бұл киелі мекен «Тауының биіктігінен немесе суының молдығынан емес, ұлы қауымның бас қосқан жері болған соң Ұлытау деп аталған» дейді.
Сондықтан, ұлттың ұясы, бірліктің бесігі — Ұлытауды ұлықтау — бәріміздің ортақ міндетіміз.
Баршаңызға табыс тілеймін!
Еске салсақ, мұның алдында Қазақстанға жақын уақытта 9 миллионға дейін турист келе алатыны мәлім болған. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау — 2019» халықаралық туристік форумында мәлімдеген болатын.
Дереккөз: Kaz.tengrinews.kz