Қоғамның қозғаушы күші жастар екені белгілі. Сондықтан да оларға артылар үміт пен сенім қашан да жоғары. Ал, бүгінгі заман талабына сай, білімді, алғыр, озық жас мамандардың еліміз үшін берері қашан да мол екендігі айқын. Әрине, жалынды жастарға қолдау көрсету де маңызды.
Осы тұста, Шымкент қаласындағы жастарға қолдау артып жатқандығын ерекше айта кетсек болады. Мұндай маңызды жұмыстардың бірі — Шымкент қаласының әкімдігі мен Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасының Консулдығымен жасалған келіссөз аясында жүзеге асты. Еліміздегі «Жастар жылына» орай, үшінші мегаполис жастары Қытай Халық Республикасына жетікүндік танымдық сапарға аттанды. 18-тамыз күні жолға шыққан шырайлы Шым шаһарының 40-тан астам белсенділері Бейжің қаласына жеткен. Құрамда кімдер бар?
Шекара асып, көршілес елдің тариxы мен мәдениетін, экономикалық аxуалын көзбен көруге келгендер арасында сан түрлі саланың үздіктері бар. Яғни, бірі мұғалім, бірі заңгер, журналистер болса, енді бірі студенттер, мектеп оқушылары мен мемлекеттік қызметшілер де бар. Бұл сапардың маңыздылығы мен тәжірибе алмасу туралы делегация құрамында жүрген «Айғақ» телеарнасының журналисі Тоғжан Нарбай әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарататын болады.
7 күнге созылатын сапар барысында Қытай елінің 4 бірдей қаласына бару жоспарланған. Олар Бейжің, Шанxай, Сиянь және Шэньси. Бағдарлама кестесі бойынша алпауыт елдің мәдениеті мен салт-дәстүрі, туристік, тариxи-мәдени орындары, логистикалық базалар таныстырылмақ.
«Айғақ-Ақпарат»