Бүгін Шымкент қаласың әкімдігі мен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент қаласының басшысы Ерлан Айтаханов федерация төрағасы Бақытжан Әбдірайым және Кәсіподақ ұйымының жетекшісімен болған кездесуде Кәсіподақтар федерациясы — еңбек саласын жаңғыртуға бастамашы болуы тиіс екенін және жұмыс берушілермен бірге әлеуметтік бейімделуімен шұғылданатын қозғаушы күшке айналуы керек екенін атап өтті.
Еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында қала әкімі және ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым бірлескен іс-шараларды өткізуге келісті.
Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағалап келгенін айтқан қала басшысы атқаратын игілікті іс халықтың болашағын баянды етіп, еңбек адамының құқығын қорғау мәселесінде серпіліс беретініне сенім білдірді.
«Үстіміздегі жылдың шілде айында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Теңіз елді мекенінде болған жағдайдың қайталануына жол бермеу, шетелдік компанияларда жергілікті мамандарға лайықты жалақы төлеу мәселесін көтере отырып, әділеттілікті сақтауды» тапсырды. Оның ішінде, кәсіпорындардағы жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақысына байланысты сараптама жасауды, бұдан бөлек, мемлекет басшысы отандық мамандардың кәсіби дайындығына және еңбек тәртібін сақтау мәселесіне баса назар аударуды, оны үнемі бақылауда ұстауды жүктеді. Сонымен қатар, жас жұмысшылардың білімін көтеру, олардың қолжетімді білім алу мүмкіндігін арттыру, біліктілігін көтеру, әдептілікке тәрбиелеу күн тәртібінен түспек емес»,- деді Е.Айтаханов.