Ақмола облысы киелі жерге бай. Солардың бірі Зеренді ауданындағы «Әулие тас». Жаугершілік заманда батырлар тастың іргесіне қонып, Алладан медет сұраса, кейінірек ҰОС-нан аман қайтқан әскерлер алдымен осында түнеген. Себебі, Ұлы Отан соғысы жылдары Көктеректің майданға аттанған азаматтарын етектегі ауылдан қырдың басына жаяулап келіп, бүкіл ауыл болып осы арадан шығарып салған, бүкіл ел болып тілектерін тілеген. Ол сол зұлматты жылдардан қалған айрықша белгі, жат жерде опат болған боздақтарға қойылған мәңгілік ескерткіш.
«Әулие тас» туралы аңыз көп. Ауырған адам емін, іздеген адам жоғын іздесе осында келіп құрбан шалып, Құран оқытады деседі. Ауылдағы көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бұл жер ежелден киелі саналады екен. Етегі жылқының қартасындай бұйра-бұйра болып жатқан Әулиетастың бауырына тіршілікте тақсырет көрген адамдар арнайы келіп тілек тілейтін болған. Тілегі қабыл болғандар әулие бабаның рухы қолдап жүр деп есептеген. Қазір «Әулие тас» облыс көлеміндегі Қазақстанның киелі жерлері тізімінде.
Бүгінге дейін осы төңіректегі жұрт әлдебір тылсым күштің бар екеніне сенеді. Осыдан жеті жыл бұрын Көктерек ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер Жұмағұл Жолдықов Әулиетастың маңайын абаттандырып, ескерткіш белгі қойып, перзенттік парызын өтеді. Қазіргі күні бұл жер елге рух беретін, тәу ететін қасиетті орындардың бірі.
«Айғақ-Ақпарат»