Бүгін ғалым, экономика ғылымының докторы, Оңтүстік Қазақстан облысының және Шымкент қаласының «Құрметті азаматы», Елбасының курстасы Сатыбалды Ибрагимов 80 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Сатыбалды Тілемісұлы Ибрагимов 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымының депутаты болды. Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге білім алған. Мәскеу қаласындағы П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін бітірген.
Еңбек жолын Теміртау қаласындағы Қазақстан магниткасында болат қорытушы болып бастап, басшылық қызметтер атқарды. 1988 – 2000 жылдары «Қазақаймақ» фирмасының вице-президенті, «Кармет-Оңтүстік» фирмасының президенті, бас кеңсесі Лондон қаласындағы «Успатниттің» Теміртау қаласындағы өкілі, «Қазхром» компаниясының президенті болды. 2001 жылдан Еуроазиялық өндірістік ассоциация төралқасының мүшесі болатын.
Қоғам қайраткері Сатыбалды Ибрагимовтың қайтыс болуына байланысты туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
«Айғақ-Ақпарат»