Жамбыл облысындағы жазғы лагерьге жөнелтілген арыстық бүлдіршіндер 5-тамызда үйлеріне оралды. Екі аптаға созылған сауықтыру лагерінен балдырғандар ерекше көңіл- күймен, тың серпіліспен қайтқаны анық байқалады. Бұл демалыстың да негізгі мақсаты осы еді.
«Жұлдыз» лагерінде 14 күн демалған 10 жастағы Айғаным Нұрланқызы бұл демалыстың ерекше әсер қалдырғанын айтады.
Жаңа достар тауып, түрлі эстафеталардан бой көрсетіп, марапаттар мен сыйлықтарға да ие болыпты. Айғанымды күтіп алуға келген әжесі Аманкүл Зиятова балаларға осындай демалыс пен шат-шадыман көңіл-күй сыйлаған жамбылдық ағайындарға ыстық лебізін білдірді.
5 жас пен 14 жас аралығындағы балаларды қамтыған сауықтыру лагерінен Арыстың балалары зор қуанышпен, жаңа оқу жылына ерекше естеліктермен оралғаны сөзсіз. Төтеден келген жағдай балалардың көңіліне қорқыныш ұялатып, балалық шақтарына сызат болмауы тиіс. Айта кетейік, 24 маусым күні Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлімнің қоймасында жарылыстың салдарынан өрт шыққан болатын. Қазіргі таңда, қала қалпына келтірілуде.
«Айғақ-Ақпарат»