Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Арыс қаласына арнайы келіп, өңір штабының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Онда штаб басшысы, Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Б.Мамыталиев қалпына келтіру шараларының барысын баяндады. Сонымен қатар, әкім Шымкент қаласына тиесілі 10 сектордағы құрылыс жұмыстарын аралап көріп, арыстықтармен кездесті.
Олардың құрылысқа қатысты айтқан пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, штаб мүшелері мен жұмысшыларға жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқару керектігін тапсырды. Өз кезегінде 10-сектор аумағындағы арыстық тұрғындар қала құрылысшыларының жұмыстарына көңілдері толатындарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.
Өз кезегінде Ерлан Қуанышұлы Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстары Президенттің жеке бақылауында тұрғанын айтып, үйлерді жылдам әрі сапалы жөндеу, қалпына келтіру үшін құрылысшылар 3 кезекте тәулік бойы жұмыс жасап жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, жалпы қалаға қарасты сектордағы 636 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары, өртенген және апатты деп танылған 37 үйдің орындарына жаңа үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Қазіргі уақытта 225 үйде жөндеу жұмыстары аяқталса, 322 үйдің сыртқы жұмыстары біткен. Сонымен қатар, екі айдың ішінде жөндеуге келмейтін үйлердің орнына салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысы толығымен аяқталады деп жоспарлануда.