Апаттан кейінгі Арыс қаласын қайта қалпына келтіру шаралары бүгінде қарқынды түрде жүргізілуде. Айталық қаладағы 11-секторға жауапты ретінде Отырар ауданы мен БҚО бекітілген. Бұл секторда жалпы саны 831 тұрғын үйлер болса соның 698-не жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде 9 көпқабатты үй болса 6 баспана бұзылып қайта салынатын нысандар қатарында. Қазір тиісті жұмыстарды межелі мерзімде аяқтау үшін құрылыс барысы қарқын алған. Бұл тұрғыда Отырар ауданының штаб бастығы-аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш Салхутдинұлы секторда атқарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді баяндады.
Айтуынша Отырарлықтарға бекітілген қала бөлігіндегі тұрғындарды азық-түлікпен, ауыз сумен қамту, елді мекендерді қоқыс қалдықтардан тазарту, залал келген құрылыс нысандарын қайта қалпына келтіру бойынша нақты істер атқарылуда. Яғни штабтағы 60 азамат түгелдей дерлік тиісті жұмыстардың басы-қасында. Қазір штаб кеңсесінде тұрғындарға өтемақы ретінде төленетін 100 мың тенгеге өтініштер қабылданып жатса, бұл жұмыстар бүгінде аяқталуға жақын. Сонымен бірге сектордағы тұрмысы төмен отбасыларға Отырарлық штабтың мамандары азық-түлік тауарларын үйлеріне дейін жеткізіп беруде. Ал бұған Арыс қаласы тұрғындарының айтар алғыстары шексіз.
«Айғақ-Ақпарат»