Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын минералды тыңайтқыш өндіретін зауытты аралаудан бастады, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президентіне қысқа мерзімде жылдық қуаты 300 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын технологиялық жүйенің жұмысы туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар, өндіріс орнында жергілікті шикізат пайдаланылатыны, Қаратау қаласының фосфат шикізаттары өңделетіні жөнінде баяндалды.
– Бұл – химия өнеркәсібіндегі, соның ішінде сары фосфор өндіруге маманданған халықаралық деңгейдегі жетекші кәсіпорын. Халықаралық нарықтарға өз тауарларыңызбен шығуға осы артықшылықтарыңыз септігін тигізеді. Бәсекелестікке қабілеттілікті одан әрі арттыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
***
1951 жылы салынған бұл кәсіпорынның негізгі қызметі – химия өнеркәсібі. Кәсіпорынның өнімдері Еуропалық одақ елдеріне, АҚШ-қа, Қытайға, Жапонияға және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады.