Жетісай ауданында 1 гектар аумақ тұқымбаққа павловния ағашын дән арқылы өсіру ісі қолға алынып отыр, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен өңірдегі аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар көше бойларына және қала, кент, ауылдық округтерде 40 мыңнан астам тал отырғызылды. Соның 1 мыңға жуығын павловния көшеттері құрап отыр.
Жалпы павловния ағашы Шығыс Азияның тропиктік аймағында көптеп кездеседі. Табиғи жағдайда Қытайда өсіріледі. Күншығыс елінде бүгінде бұл ағаштың 10-ға жуық түрі бар. Бұлардың биіктігі 20 метерге жуықтайды. Көктемде жапырақтары бүршік жармас бұрын шырағдан тәрізді гүлшоғыры гүлдейді. Гүлдері күлгін-қызғылт түсті болады.
Бұдан басқа, алдағы жылы ауданда 1 гектар жерге зәйтүн ағашын отырғызу жұмыстары басталмақ. Қазіргі таңда 1 гектар аумаққа қажетті зәйтүн көшеттері жылыжайдағы құтыларға отырғызылып, арнайы күтіп-баптау жұмыстары атқарылуда. Мамандар бұл зәйтүн көшеттерін көршілес Өзбекстан Республикасынан алып келген.