17 мамыр күні Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында Алаш арыстарының бірі Елдес Омарұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың жеті қыры: Өркениеттің түпқазығы – жазу» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – латын әліпбиі негізінде жасалған қазақ әліпбиінің негізгі мәселелерін жан-жақты талқылау және оларды дәріптеу.
Конференция барысында қатысушылар бекітілген латын әліпбиі негізіндегі қазақ әліпбиінің практикалық аспектілері мен оның келешектегі дамуы, қоғамдық мекемелер мен органдарда және күнделікті өмірдегі қолдану аясындағы көптеген мәселелерді қозғады.
Ғалым, терминолог Елдес Омарұлының тілтанымдық мұрасын дәріптеуді, қоғамның рухани жаңғыруы үшін оның еңбектеріндегі ұлттық кодты көрсетіп, зерттеу өзегіне айналдыру көзделген. Жиын барысында ғалымның еңбектерінің тұсаукесері өтті.
Конференцияға отандық және шетелдік түркітанушы-ғалымдар, Елдес Омарұлының ұрпақтары, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, ЖОО-ның оқытушы-профессорлары, зиялы қауым мен жас зерттеушілер қатысты.
Дереккөз: «АҚШАМ-АҚПАРАТ».