Биыл Ұлы Жеңіске – 74 жыл! Дәл қазіргі уақытта Шымкент қаласында 54 Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалған. Күн сайын кеміп жатқан ержүректерімізге қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпес. Өйткені, олар бізге бақытты заманды тарту етті. Жылдағы дәстүр бойынша Шымкент қаласының әкімі мегаполистегі күллі ардагерлерге арнап дастархан жайды.
Осыдан 74 жыл бұрын Жеңісті жақындатқан жауынгерлер бүгін салтанат сарайында көтеріңкі көңіл-күймен отыр. Жүздері күлгенмен, жұдырықтай жүректерінде қанша мұң бар екенін білсеңіз ғой. Азапта, аштықта, сұм соғыста бұл жандардың есінде мәңгі сақталған. Жастық дәурендері ауыр кезеңге тұспа-тұс келді. Бірақ, олар қарттық дәуреніндегі тыныштыққа шүкірлік етіп отыр.
Шымкент қаласының әкімдігі әр жылдың 3 Мамыры күні дәстүр бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, тыл және Ауған, Семей, Чернобыль ардагерлерін жиып дастархан жаяды. Жанқиярлық ерлік көрсеткендерге құрмет көрсетіледі. Сол бағыт биыл да жалғасқан. Сондай-ақ, Ұлы Жеңісті жақындатқан ардагерлердің есеп шоттарына қала бюджеті есебінен 252 500 теңге аударылды. Тылда еңбек еткен ардагерлерге 12 625 теңге, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілерде мүгедек болып қалған жандарға 50 500 қаржы бұйырды.
Соғыс көргендердің қазір ең жасының өзі 91-92 жас шамасында. Алды 100 жастан асып кеткен. Көпшілігінің денсаулығы әлдеқашан сыр берген. Білектен күш, бойдан қуат кеткен уақытта дастархан басында тапжылмай отыру оңай емес. Дегенмен ортасында би билегендер де болды. Аяғын әрең басып жүрсе де, көңілдері қартаймағандарын дәлелдегісі келген сияқты. Салтанат сарайынының ортасына шығып, жастарды көңілді әрі сергек болып жүруге шақырды. Әрине, қазыналы қарттарымыздың мәз-мейрам болғаны бізді де қуантты.
1945 жылдың 9 Мамыры жылдан-жылға алыстап бара жатқан мерзім. Соғыста ерлік көрсеткен ержүрек майдангерлер күн сайын азайып барады. Бүгінгі буын Жеңісті жақындатқан әрбір жауынгердің алдында қарыздар. 1 418 күн сұрапыл соғысты көріп, бейбіт өмірді сыйлағандарыңыз үшін біз сіздерге алғыс айтамыз.