Мемлекет басшысы БҰҰ-ның 17 аймақтық бөлімшесі орналасқан кеңсесінің жаңа ғимаратын аралап көрді, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Президент халықаралық ұйым кеңсесінің ашылуы ел үшін ерекше маңызға ие — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен тұспа-тұс келуін жақсылыққа балады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан БҰҰ қағидаттарын толықтай ұстанатынын және халықаралық қауымдастықпен қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, адам құқықтарын қорғау мақсатындағы өзара іс-қимылдарын белсенді түрде жалғастыра беретінін айтты.
– Бұл тамаша ғимарат Біріккен Ұлттар Ұйымының мүдделері үшін қызмет ететін болады. БҰҰ – барлық ел үшін ортақ үй. Біздің ынтымақтастығымыздың арта түсетініне сенімдімін. Әлем қауіпсіздігі жолында БҰҰ-ның Қазақстандағы қызметін қолдай береміз, – деді Мемлекет басшысы.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура Қазақстан Президентіне алғыс айтып, бұл әсем ғимарат Алматы қаласының сыйы екенін атап өтті. Дипломат жаңа кеңсе Қазақстан мен БҰҰ-ның жақын достығы мен ынтымақтастығының белгісі болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымның жұмысшыларымен әңгімелесіп, кітапхананың және БҰҰ аймақтық бөлімшелер өкілдіктерінің жұмысымен танысты.