ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов 2015 жылғы 20 тамыздан бастап жаңа экономикалық саясатқа және теңгенің еркін айырбас бағамына өтетіндігін жариялады. Бұл туралы ҚазТАГ тілшілері хабарлайды.
«Ұлттық банк және ҚР үкіметі 2015 жылғы 20 тамыздан бастап инфляциялық таргеттеу режиміне негізделген жаңа ақшалай-кредиттік саясатқа өту, валюталық дәлізді алып тастау және еркін айырбас бағамына өту туралы шешім қабылдады», — деп мәлім етті бейсенбі күні селекторлық кеңесте ҚР премьер-министрі К. Мәсімов.
Оның айтуынша, осы сәттен бастап айырбас бағамы ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады.
«Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамының нарықтағы деңгейінің қалыптасуына араласпайды, бірақ елдің қаржылық жүйесінің тұрақсыздану қаупі туындаған жағдайда валюталық интервенция жасау жолымен ішкі валюталық нарыққа қатысу мүмкіндігін өзінде сақтайды», — деді К. Мәсімов.
Ол сондай-ақ, өндірістің құлдырауына жол бермеу, инвестициялық және кредиттік белсенділіктің қысқармауы, жұмыссыздықтың артып және халықтың әл-ауқатын нашарлатпау мақсатында, бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған жаңа экономикалық саясатқа өтетіндігі туралы да мәлім етті.