Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен Кентау қалалық мәслихаты депутаттарының қолдауымен Кентау қаласының әкімі қызметіне Дәурен Махажанов тағайындалды. Дәурен Сәбитұлы бүгінгі күнге дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.
Бүгін сағат 11:00-ге белгіленген Кентау қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында халық қалаулылары тарапынан ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, кенді қаланы мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол Дәурен Сәбитұлы басқаратын болды.
Кентаудың тумасы өзінің еңбек жолын 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы болып бастаған.
Дәурен Махажанов 1980 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2001 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін экономист-менеджер мамандығы бойынша, 2007 жылы Көкшетау университетін «қаржы магистрі» мамандығы бойынша аяқтады. Экономика ғылымдарының кандидаты.
2001 жылдан бастап 2009 жылға дейін екінші деңгейлі банктер «Казкоммерцбанк» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Альянс Банк» АҚ басшылық лауазымдарында қызмет етті. 2009-2015 жылдары «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ, «КазАгроФинанс» АҚ, «КазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқармаларының төраға орынбасары, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы лауазымдарында қызмет атқарды. 2018 жылдың ақпан айынан бері Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.
Айтып өтейік, бұған дейін Кентау қаласының әкімі қызметін атқарып келген Ғани Рысбеков үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында бұл лауазымға тағайындалған еді.
«Айғақ-ақпарат»