Көктем — жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы. Табиғаттың қайта оянып, гүлденетін кезімен қатар келетін Наурыз мерекесі Шымкент қаласында ерекше тойлануда. 5000 жылдық тарихы бар наурыз мерекесінде ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғырды. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шымкент қалалық салт-дәстүр орталығы және Шымкент қалалық ассамблея басшылығының ұйымдастыурымен өткен шара Наурыз алаңынан бастау алды.
Шара барысында қазақы нақышта киінген қыз-келіншектер үлкендерге ас мол болсын деген ниетпен нан таратты.
Бүгінгі күнге дейін атадан бала болып жеткен дәстүрлеріміздің мән-маңызы зор. Бұл күні табиғаттың жаңарғанын жариялап, мұсылманның жаңа жылымен барша тұрғындарды құттықтау мақсатында ұлттық нақыштағы керуен қала ішін аралады. Жолбойында кездескен тұрғындарды мерекемен құттықтап ыстық ықыластарын білдірді.
Наурыз алаңынан шыққан керуен мегаполистің көрікті мекендерінің бірі Дендралогиялық саябаққа барып ұмыт болып бара жатқан «Ақ бүрку» дәстүрін қайта жаңғыртты. Ағаштарға Ақ бүрку — бағзы заманнан келе жатқан дәстүр. Яғни, ақ мол болсын, Жаңа жылда тоқшылық болсын деген ниетте жасалынатын рәсімдердің бірі.
Ұлық мерекеге арналған керуен Шымкенттің орталығында орналасқан Ассамблея ғимаратына келіп жетті. Бір топ қыз-жігіттер, сал серілермен, ару аналар жән ақсақалды аталармен толыққан керуенді күтіп алуға әр түрлі ұлт өкілдері толықтай жиналған. Шарада этнос өкілдері өздерінің ұлттық астарын дайындап дастархан жайылды. Сондай-ақ, мың бұралған бишілермен күмбірлете әуелеткен күйшілер өнерлерін ортаға салып көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.