Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында алғашқы сынақ тапсыру басталды. Жалпы облыстағы 16 сынақ бекеттерінде 4529 түлек бүгін Ұлттық бірыңғай тест тапсыруда. Облыстағы жалпы 1022 мектептің 822 орта мектебінен 31288 түлек мектеп бітірді. Ал өңірде 2–8 маусым аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге 19798-і оқушы сынақ тапсырады деп жоспарлануда. Бұл бітіруші түлектердің 74,1 пайызды құрайды. Осы ҰБТ-ны ұйымдастыру және өткізу бойынша мемлекеттік 79 комиссия бекітіліп, жұмыс атқаруда. Айта кетейік, осы жылы алғаш рет ҰБТ–дің барлық қатысушыларының жоғары білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында, шекті 50 балл жинай алмаған бітірушілер үшін 2016 жылдың тамыз айында кешенді тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Осы ақылы негізде (2242 теңге) жүзеге асырылатын кешенді тестілеуді сәтті тапсырған талапкерлер жоғарғы оқу орындарының ақылы бөліміне қабылдана алады.