Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісі бюросының отырысына қатысты. Сонда Мемлекет басшысы елдің премьер-министр қызметіне тағайындалған Асқар Мамин туралы пікір білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің стратегиялық бағдарламаларын одан әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын талқылауға ұсынды. «Бұрынғы Үкімет отставкаға кетті. Осыған байланысты сіздермен жаңа Премьер-Министр Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынып отырмын. Оның мол тәжірибесі бар. Ширек ғасырдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қала әкімі, көлік министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болды. Оның жетекшілігімен, әсіресе инфрақұрылымды дамыту саласында, көп жұмыс атқарылды», — деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминнің интеграциялық бірлестіктердің жұмысына, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді атсалысқанын айтты. «Қазір күрделі кезең. Алдымызда маңызды міндеттер тұр. Алға жылдам ұмтылуымыз керек», — деді Мемлекет басшысы. Жиын барысында Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілері мен комитеттер төрағалары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына ұсынылған Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.
Kaz.tengrinews.kz