Биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы. Осыған орай ұйымдастырылып жатқан игі істердің легі көңіл қуантады. Соның бірі Ташкенттің төріндегі Түркістан сарайында өтті. Екі елдің әдеби достығын қаламына арқау еткен Мекембай Омаровтың 70 жылдық мерейтойына орай әдеби кеш ұйымдастырылды.
Мекембай Омаров Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Өзбекстан Жазушылар Одағының жанындағы Қазақ әдебиеті Кеңесінің төрағасы, ақын, жазушы, журналист, талай шәкірттің ардақты ұстазы. Екі елдің достығын жырмен жалғап жүрген талант иесінің туындылары оқырмандарының жүрек төрінен орын алып үлгерген. 35 жылын педагогтік салаға, ұстаздық қызметке арнап, шәкірттерге білім беруден жалықпаған ұлағатты ұстаз Мекембай Омарұлының «Әдеби достық – мәңгі достық» атты кешіне оқырмандары мен дос-жарандары, елге белгілі, өнерді бағалаған азаматтар жиналды. Залда ине шаншар орын болмады. Өзбекстан Қазақ Ұлттық мәдени орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға Қазақстаннан, Қырғызстаннан арнайы қонақтар қатысты. Келгендер ыстық ықыласпен жүрек жарды жырларын арнап, жылы лебіздерін білдірді.
Мекембай Омарұлының бүгінге дейін оннан астам әдеби көркем туындылары оқырмандарына жол тарқан. Олар: «Махаббат», «Атамекен», «Таудай бол», «Төрткүл дүние», «Күн күлкісі», «Ай астындағы айналайындар» атты өлең жинақтары, «Ең тәтті алмалар» деген әңгімелер мен хикаяттары жарық көрген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенді жадына құйған ақын балалар әдебиетін жырмен байытқан. Ақынның бірқатар өлеңдері «Өзбек балалар әдебиеті анталогиясына» еніпті. Қаламы қарымды жазушы аудармашылықпен де айналысып келеді. Ол өзбек әдебиетінің үздік туындыларын қазақ жұртшылығына, қазақ әдебиетінің маржандарын өзбек ағайындарға кеңінен таныстыруда. Көрші елде қазақ әдеби ортаның қалыптасуына айтарлықтай үлесін қосты. Құнды шығармалардың авторы халыққа қуаныш сыйлап, алғысқа бөленуде. Сондай-ақ Мекембай Омарұлы суырыпсалма ақын ретінде де танымал. Көптеген республикалық және халықаралық ақындар айтысының жүлдегері. Өзбекстандағы қазақ айтысын қайта жандандарушылардың бірі. «Ағамыздың айтыстарын бала күннен тыңдап өстім» деп Карима Оралова айтыскер ағасына ақ тілегін жырмен арнады.
Әдеби кештің соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Екі елдің жезтаңдайлары әннен шашу шашты. Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясова, Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов және айтыскер ақын Карима Оралова өнер көрсетті. Бала көңілді ақын қуаныштан көзіне жас алды. Ақынын ардақтап, қолда бар қазынансын бағалай білген халық, осылайша, ақын ұлынның төбесін көкке көтерді. Келгендер рухани күшке қанықты. Екі елдің әдебиетін байытқан, достығын дамытқан жазушының 90-100 жылдығын тойлауды жазғай!
«Айғақ-ақпарат»