Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында ХҚКО жаңа әзірлемелерінде биометрияны қолдану туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов айтып берді.
Оның айтуынша, адамдар өз еріктерімен беретін қазақстандықтардың биометрлік параметрлері бірқатар мемлекеттік қызметті алу кезінде электронды цифрлық қолтаңбаны алмастыра алады.
«Іске қосылған сәттен бастап шамамен екі аптада 1,5 мыңға жуық азамат өздерінің биометрлік деректерін берді. Келешекте мобильді үкіметті ауқымды түрде дамыту көзделген, онда қызметтер толықтырылады», — деді А. Оспанов.
Мемлекеттік органдарда, халықты жұмыспен қамту орталықтарында биометрлік параметрлерді пайдалануға деген қызығушылық артып келеді. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектерді беру немесе қабылдау кезінде биометрлік параметрлер бойынша сәйкестендіруді жүргізуді жоспарлап отыр, осылайша дәл сол адамның дәрі-дәрмекті алғаны расталады. Қоғамдық қолжетімділік пункттерінде биометрияның көмегімен мекен-жай анықтамасын және жылжымайтын мүліктің бар/жоғы туралы анықтаманы, ал ХҚКО операторлары арқылы мемлекеттік корпорация ұсынатын барлық қызметтерді алуға болады.
А. Оспановтың айтуынша, биометрлік параметрлер әзірге Астана және Алматы қалаларында жиналып жатыр, ал 2019 жылы, шамамен қыркүйекке дейін, Қазақстанның барлық өңірін қамту жоспарланған.
Сонымен қатар, А. Оспанов бүгінгі таңда ауырып қалғанына байланысты еңбекке жарамсыздығы туралы парақты беру тәртібі толығымен автоматтандырылатынын айтты. Жұмыс беруші қағаз нұсқасын ұсынбаса да, электронды форматта таныса алады.
«Дәрігерге барғанда, ол сізге ауыруыңызға байланысты еңбекке жарамсыздығыңыз туралы парақша ашады, тиісінше, ақпарат денсаулық сақтаудың бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Енді республикада аталған парақшаны беруді бақылаудың осындай жүйесі болады. Сіздің ауыруыңызға байланысты еңбекке жарамсыздығыңыз туралы ақпарат дереу жұмыс берушіңізге жіберіледі, осылайша қағаз түрінде апарып дәлелдеудің қажеті жоқ. Қолдан жасап апарған парақшаның автоматты түрде күші болмайды», — деді А. Оспанов.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда некеге тұру мерзімін 30 күннен 3 күнге дейін қысқарту жоспарланып отыр. Бүгінде Министрлікте азаматтардың өздеріне қолайлы уақытты таңдауына мүмкіндік беру бойынша заңнамалық мәселе пысықталып жатыр.
Бұған қоса, қазақстандықтар жүргізуші куәлігін онлайн алмастыра алады. Қазіргі таңда 5 мыңға жуық азамат мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, жүргізуші куәліктерін алмастырды. Сонымен қатар, автокөлікті онлайн тіркеу және қайта тіркеу қызметі де іске қосылды.
«Азаматтар өздерінің айыппұлдарын толығымен тексере алады, салықтарын көріп, оларды төлей алады және онлайн форматта автокөліктерін қайта тіркеп, сондай-ақ нөмірге тапсырыс бере алады», — деді ол.