Түркістан облысында жаңа жыл қарсаңында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мақтарал ауданында бұған дейін үш ауысыммен оқып келген Қажымұқан атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары енді жаңа ғимаратта білім алатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңадан бой көтерген нысанға республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге қаржы жұмсалған. Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық бөлмелер соңғы үлгідегі технологиялармен және компьютерлермен жабдықталған. Сондай-ақ, түрлі спорттық, өнер және қолөнер т.б. үйірмелердің ашылуына мүмкіндік туып отыр. Мектептің салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, биыл мақталы өңірде 5 білім мекемесі ел игілігіне берілгенін атап өтті.
«Қазіргі таңда ауданда 2 мектептің құрылысы жүріп жатса, тағы 5 мектептің құрылысы басталғалы тұр. Біздің ендігі міндетіміз — жыл сайын 5-6 мектеп салу арқылы екі ауысыммен оқитын мектептердің де санын азайту болып тұр» — деді Бақыт Асанов.
Айта кетейік, Қажымұқан атындағы жалпы орта мектептің негізі 1966 жылы қаланған. Білім ұясында 587 оқушы оқып, 45 бала мектеп алды даярлық тобында тәрбиеленеді. Жаңа мектептің арқасында қосымша тағы 15 жұмыс орны ашылып отыр.