А. Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институты, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, Халықаралық түркітану орталығы бiрлесiп Елбасының 21 қарашадағы мақаласына орай «Ұлы даланың жетi қыры: прототүркiден қазақ тіліне дейін» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Мақсат — Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың жуырда жарияланған мақаласындағы Ұлы даланың тарихына, салт-дәстүріне, өнері мен фольклорына, музыкасына, ұлы есімдеріне, киносы мен телевизиясына, сондай-ақ, тарихи сананы жаңғыртуға арналған ұстаным-тұжырымдарды насихаттау, тапсырамларды жүзеге асыру.
Халықаралық дөңгелек үстелдің жұмысы бес бағыттан тұрды. Атап айтқанда, қазақ халқының прототүркіден келе жатқан ежелгі тарихы турасында, Ұлы даланың ұлы есімдерін насихаттау, Ұлы даланың тарихы, әдебиеті, қоғам қайраткерлері, салт-дәстүрі, өнері мен фольклоры, музыкасы туралы тұжырымдар, Түркілер тарихына жаңа көзқарас қалыптасытру және қазақ түркологиясының міндеттерін нақтылау.
Аталмыш шараға елімізге танымал тілші-ғалымдар, қонақтар, қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында «Ежелгі дәуір туралы ойлар: Сөз анатомиясы» тақырыбында ақын, ғалым, дипломат, «Мәдениеттерді жақындастыру орталығының» жетекшісі Олжас Сүлейменов бас баяндама жасады.
Бұдан бөлек еліміздің Е.Қажыбек, У.Қалижанов,Б.Аяғанов сынды ғалымдар өз баяндамаларын жасаса, АҚШ-тағы Мадисон университетінің профессоры Ю.Шамилоғлы «Түркілер тарихына жаңа көзқарас» атты баяндамасын ұсынды.
Дөңгелек үстел талқылау, пікір алмасу және қарар қабылдаумен қорытындыланды.
«Айғақ»-ақпарат.