Қала әкімі Ғабидулла Әбдірахымов Shymkent City жобасын «Шымкенттік Манхэттен» деп атады.
«Shymkent City-ге келсек. бұл біздің басты жобамыз. Бұд біздің «Даунтаун» деп айтсақ болады, біздің шымкенттік «Манхэттен». 400 гектар жерде көпқабатты үйлер орналасады. 75 гектар жердің ортасында саябақ орналасады. Оның айналысында ғимараттар – бизнес-орталықтар, тұрғын үйлер болады, және біз бұл Шымкенттің болашағы деп санаймыз», — деді Ғ.Әбдірахымов сейсенбі күні орталық коммуникация қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғын жақсы көретін ескі қаланы жаңарту да жоспарлануда.
«Шамамен 50-60 гектар жерде бір қабатты ғимараттар орналасқан. Біз барлығына бұл үйлерді сатып алып, сүріп тастайтынымызды хабарладық. Ол жерде үлкен саябақ болады, Лондондағы Гайд-парк секілді. Оның айналасына жаңа ғимараттар тұрғызылады, қасынан Қошқар ата өзені ағып жатады. Мен жақында Сеулде болдым. Оларда да осы Қошқар-ата секілді өзен бар. Ол қаланың ортасымен ағып жатыр. Біз де оны жақсартып, ерекше сән беретін боламыз», — деп атап өтті Ғ.Әбдірахымов.
ҚазТАГ.