Созақ ауданына 90 жыл! Республикалық ақындар айтысымен бастау алған айтулы шара 12 қазан күні аудан орталығындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
«Созаққа барсаң күйшімін деме…» деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, құт дарыған, бақ қонған өлке Тоқа, Бапыш, Сүгір Әліұлы, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров секілді дарынды күйшілер, айтыскер ақындар мен жазушылар Құлыншақ Кемелұлы, Сәуірбек Бақбергенов, Құлжабай Төлеуов, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Бәтима Батырбекова, Үббі Тастановтардың туған жері. Бұл Шолаққорған ауылындағы «Тәуелсіздік» саябағында қоғам қайраткерлерінің есімі жаңғырды. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев саябақ ішіне қойылған созақтық 13 азаматтың бюстінің ашылу рәсіміне қатысты.
Иә, Созақ өз тарихында бірнеше хандықтың ордасы болған. Ұлы Жібек жолының Теріскейдегі Баба ата — Құмкент — Созақ пен Шолаққорған дамыған сауда орталығына айналған. Өлкенің сан ғасырлық тарихын әріден айтпаған күннің өзінде ғасырға жуықтаған осы кезеңде талай дамудың даңғыл жолын бастан өткерген аудан бұл. Аудан экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруында қазыналы қарттарымыз бен қариялардың ізін өкшелей басқан аға буынның еселі еңбегі мен маңдай тері жатыр.
Күні кеше Балдысу, Раң ата, Шаға, Ақсүмбе ауылдарында 4 медициналық пункт пайдалануға беріліп, ауданның денсаулық сақтау саласындағы амбулаториялық орталықтардың мәселесін шешті. Қуантарлығы, биылғы көрсеткіш бойынша ана өлімі тіркелмеген, нәресте өлімі де азайып отыр. Мамандарға деген сұраныс өз шешімін тапқан. Ал бүгін, облыс басшысы аудандық аурухана ұжымына жедел жәрдем автокөлігінің кілтін тапсырды.
Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің алдында қойылған көрмені тамашалаған облыс әкімі қолөнершілердің еңбегін арнайы аралап шықты. Дәстүрді жаңғыртқан жергілікті жұрт ұлттық бұйымдарымыздың асыл қазынасын ала келіпті.
Суретшілердің қылқаламмен қағаз бетіне түсірген картинасы да көрерменді тәнті етпей қоймады. Шынайы келбетпен үйлесім тапқан образдар көрме төрінен орын тапқан. Барлығы да Созақ ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған. «Созақ-жыр, Созақ-өнер, Созақ-сөз…» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласқан шара халықтың қуанышын еселей түсті.