Жас дәрігерлерге жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік пакеттер ұсыну қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтты.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып денсаулық сақтау саласына байланысты екі ұсынысымды айтуға рұқсат етіңіз.
Бірінші, өзіңізге белгілі, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына жергілікті атқарушы органдар тікелей жауапты. Ал орындаудың негізі — жоспарлау. Мәселе осында болып отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес көрсетілетін медициналық көмекті жоспарлау құзыры толықтай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілді. Яғни, заңнамаларда денсаулық сақтау басқармаларының медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу көлемін қалыптастыру, сонымен қатар лицензиядан кейін қадағалау тетіктері тіпті қарастырлмаған. Ал жауапты бізбіз… Бұл түптеп келгенде халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне кері әсер етеді», — деді облыс басшысы.
Сонымен қатар ол Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырлып жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз жемісін беріп отырғандығын айта келе, жас мамандарды ынталандыру тетіктерінің жеткіліксіздігіне баса назар аударды.
«Дегенмен денсаулық сақтау саласында жетіспейтін мамандардың 50 пайызы облыс орталығында орналасқан көпсалалы мамандандандырылған ұйымдарда орын алуда. Сол себепті қажетті мамандықтар бойынша қызмет етуге ниет білдірген жас кадрларды қолдау мақсатында заңнамалық тұрғыда жергілікті бюджеттің есебінен әлеуметтік пакеттер ұсыну тетіктерін қарастыру қажет есептейміз», — деді Қырымбек Көшербаев.
ҚазАқпарат