Жыл басынан бері 300-ден аса отандасымыз сақтандырудың көмегімен елге қайтты.
Жауапсыз туроператорлардың құрығына түскен саяхатшыларға «Туристік қамқор» қоры көмектескен.
Ұлттық қор туроператорлар үшін сақтандыру компанияларының орнын басып, отандық туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бірақ ол үшін міндетті түрде туристік код болуы керек.
Алда-жалда оқыс жағдай болған кезде соның көмегімен елге тегін кері қайтасыз. Бастысы, әуре-сарсаңға түспейсіз.
Ал оны алу үшін бар болғаны 0,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, нақтырақ айтқанда мың теңге ақы төленеді.
Ерлан Қожағапанов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары: — Бүгінде қамқор қоры туристік операторлар өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда отандық туристері шетелден қайтару міндетін атқарады. Сіздер осыдан 6-4 жыл бұрынғы «Гүлнар тур» және «Тревел систем» компанияларына қатысты атышулы жағдайларды білесіздер. Сол кезде шамамен 8 мың турист бір мезетте шетелде қалып қойған болатын. Мемлекет оларды қайтару үшін көптеген материалдық шығын жұмсады. Сондықтан үкімет ұлттық операторды құрды. Ал туристік код әрбір саяхатшыға беріледі.
24.kz