18 тамыз күні Қарағанды облысында қазақтың көмекей әулиесі Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойында ауқымды спорттық сайыстар ұйымдастырылды, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қатысушылар турнирлерде ұлттық спорт түрлері бойынша бақ таласты: қазақша күрес, асық ату, аударыспақ, көкпар, аламан бәйге және топ бәйге. Жүлдеге қымбат көліктер мен Астанадан пәтер тігілді.
Қазақша күрес бойынша 60-тан 90 келі салмақ дәрежесіне дейін палуандар қатысты. Ал аударыспақта абсолюттік салмақ дәрежесі 80 келіден жоғары болды. Күресте 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпазға бас жүлдеге «Toyota Camry 55» жеңіл көлігі тігілді. Бұл сыйлық дзюдодан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, көптеген жарыстардың жеңімпазы және дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі, Бұқар жырау ауданының Үміткер ауылынан Абылайхан Шаратовқа бұйырды. Екінші орынды Қазбек Қабдығалиев, үшінші орынды Заңғар Марат жеңіп алды.
— Бүгін барлық қарсыластарым мықты болды. Мені Бұқар жырау бабамыздың әруағы қолдаған шығар, жеңіс тұғырынан көріндім, — дейді 23 жастағы спортшы Абылайхан Шаратов.
Қазақша күрестен 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша турнирде Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінен Ерғанат Молдағұлов жеңімпаз атанды. Апайтөс палуан да «Toyota Camry» автокөлігін иеленді. Аян Құрманбай — екінші, Мейрамбек Жанабай үшінші орынды місе тұтты.
Аударыспақта абсолюттік 80 келіден артық салмақ дәрежесі бойынша Нұра ауданынан келген Жанболат Тайжановқа тең келер ешкім болмады.
— Ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Қазақша күрес, ат жарысы және аламан бәйгеге деген қызығушылық жоғары. Топ бәйгеге қатысуға 20 адам өтініш берген. Оның ішінде Ресей мен Қырғызстан елдерінен де болды. Бұл жарыстарда бас жүлдеге Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер тігілді, — деді Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Қожабеков.
Топ бәйгеде Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Мейірхан Бұлғыновтың сәйгүлігі топ жарды. Екінші болып мәре сызығын тағы да алматылық Алинұр Назарбаевтің тұлпары кесті. Үшінші Қарағанды тұрғыны Талғат Зейнуллиннің аты келді.
Аламан бәйгеде 27 тұлпардың ішінде қарағандылық Нұрлыбек Мұхамедияровтің сәйгүлігі оза шапты. Сөйтіп иесіне «Toyota Prado» көлігін сыйлады. Екінші орыннан Бұқар жырау ауданының тұрғыны Серік Түлкібаевтің тұлпары көрінсе, үшінші болып Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Мейірхан Бұлғыновтің жүйрігі мәре сызығын кесті. Екінші орын иегеріне квдроцикл, ал үшінші орынға теледидар табысталды.
— Маған бұл жерде барлығы ұнап жатыр. Әсіресе асық ату және бәйге бәрінен қызықты өтуде, — деп Павлодардан келген 12 жастағы қонақ Арман өз ойымен бөлісті. — Жылқылар сондай әдемі және күшті. Мен алғаш рет көкпар ойынын тамашаладым. Ол да өте қызықты екен.
Көкпарға Қарағанды облысынан 4 команда қатысты. Оның ішінде Абай ауданының көкпаршылары жеңімпаз атанып, 500 мың теңгеге ие болды. Той иелері бұқар жыраулықтар екінші орынды қанағат тұтты. Ал Шет ауданының командасы үшінші орыннан көрінді.
Асық атуда 2003 және 2005 жылдары туылғандар өзара мықтыны анықтады. Бұл сайыста бас жүлде 100 мың теңгенің сертификаты болды. Ол сыйақы Шет ауданынан келген Айсұлтан Боранбайға бұйырды. Екінші орын да Шет ауданының намысын қорғаған Нұрсұлтан Какеновтің қанжығасында кетті. Ал үшінші орынды Бұқар жырау ауданының өкілі Әділхан Төлегенов жеңіп алды.
Жарыстарға тігілген барлық жүлделер Бұқар жырау ауданының кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының демеушілігімен жүзеге асты.
Естеріңізге салайық, 18 тамыз күні Қарағанды облысында ұлы ойшыл Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы тойланды. Халықтық сайран-сауық Ботақара кентінен 55 шақырым жерде арнайы тігілген киіз үйлер қалашығында өтті.