Өмірзақ Шөкеев Қостанайдағы жұмыс сапары барысында индустриялық аймақтың жұмысымен танысты. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев ҚР вице-премьері, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке индустриялық аймақтағы құрылысы басталып жатқан зауыттар туралы баяндады. «Индустриялық аймаққа шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Жақында ғана теледидар зауытын салатын қытайлық кәсіпкерлер үшін су құбыры мен газ желісін тарттық. Біз олардың талаптарын толықтай орындадық. Жалпы бүгінде индустриялық аймақта құрылысқа 400 гектар жер қарастырылған. Болашақта оны 800 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған»,-деді М.Мырзалиев. Қостанай облысында ауыл шаруашылық техникаларының кластерін құру жоспарланған. Мәселен, осы жылы өңірде «Беларус» тракторын құрастыру жұмысы қолға алынбақ. Мұны ресейлік «Композит групп» компаниясы Минск трактор зауытымен ынтымақтастықта іске асырады. Жоспар бойынша мұнда жылына 3 мыңға дейін трактор шығарылады. Министр өңірдің ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобалардың іске асу барысын үнемі бақылап отыруды тапсырды.
«Индустриялық аймақтың әлеуеті жоғары екені сөзсіз. Енді трактор құрастыру жұмысын қадағалап отыру қажет. Мұндағы отандық үлес 50%-дан кем болмауы тиіс. Жергілікті фермерлерге барынша жеңілдік қарастырылады. Өз жерімізде шығарылған тракторларды 52%-ға дейін субсидялауымыз мүмкін. Оның 25%-ын министрлік, 10%-ын жергілікті билік қарастырады», — деді Өмірзақ Шөкеев. Қазіргі уақытта индустриялық аймақта 12 инвестжобаны іске асыру көзделген. Жобалардың жалпы құны — 1 трлн теңгеге шақталған. Бүгін Өмірзақ Шөкеев жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен кездесу барысында агроөндіріс кешенінің аймақтағы даму бағыттарын талқыламақ.