Облыстық мәслихатының кезектен тыс қырқыншы сессиясы өтті. Халық қалаулылары мен басқарма басшылары, сондай-ақ аудан-қала әкімдерінің қатысуымен өткен отырыста облыс әкімінің оған жүктелген функциялары мен міндеттерінің іске асырылуы жөніндегі есебі тыңдалды. Айта кетейік, Индустриялы-инновациялық даму серпіні бойынша облыс республикада алғашқы орында. Халықтың әлеуметтік ахуалы да жөнге келіп, жұмыссыздардың саны азайған. Мәселен, өңірдегі 22 мың азамат «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының шапағатын көріп отыр.
Облысымызда атқарылған ауқымды тірліктер мен жүйелі жұмыстар жетерлік. Іске асқан жобалар мен тындырымды тірліктердің бір парасын облыс әкімі сессия отырысында баяндады. Мәселен, Республикада даму көрсеткіші бойынша алғашқылардың қатарынан көрініп келген Оңтүстікте, аумағы 337 га құрайтын «Оңтүстік» индустриялық аймақта 45 кәсіпорын бар. Онда 3,3 мыңға жуық жұмыс орны іске қосылып, жұмыссыздық деңгейі де төмендеуде. Ал, іске қосылған «Тассай» индустриялық аймағының жобалық сметалық құжаты дайындалып, инфрақұрылым құрылысына 800 млн теңге қазына қаржысынан бұйырыпты. Әуежай маңындағы «Қазақ – Түрік», аталмыш орынға іргелес «Бадам» индустриялық аймағы да іске қосылып, нәтижесінде экономикаға тың серпіліс беретін жобалар дүниеге келмек. Ел әлеуетінің артуында оң септігі бар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 21 жоба мақұлданып, оның 9-ы жұмысын бастаған.
Ал кәсіпкерлік саласына жаңа бетбұрыс әкелген тың жобалар мен идеялар көп. Тек қаладағы кәсіпкерлерге ғана емес шалғайдағы орта және шағын бизнес өкілдеріне шапағаты тиетін бағдарламалар облыс әкімдігінің қолдауының арқасында «Максимум» АИО 2,9 млрд құрайтын 778 жобаны қаржыландырыпты. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының еншісіне 137,5 млрд теңге құрайтын 99 жоба еніп отыр. Бұл бизнесімді дамытып, тасымды өрге домалатамын деген еңбек адамдарының қарышты қадамдарына жасалған қолдау. Ірі кәсіп иелерінің де меншігінде толағай табыстар бар және әлі де бола бермек. Әрине бұл — әрдайым билік өкілдерінен демеу көрсетілудің нәтижесі. Мәселен, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 7 ұлттық компаниялармен 9 млрд теңгеден астам тауар жұмыстары мен қызметтерді жеткізуге меморандумға қол қойылған. Мұндай ірі жобалар арқылы ірі бизнес әлеміне енуге мол мүмкіндік болмақ. Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына енген еліміздің бұл салаға үлес қосуында Оңтүстіктің орны бөлек. Кәсіпкерлікті дамытып, отандық өнімдерді өндіруде кәсіп иелері оңды істерін жүзеге асыруда. Енді кәсіпкерлер күш біріктіре отырып, бәскелестікке төтеп берсе болғаны.
Білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік салалар бойынша да Оңтүстік өзге облыстарға қарағанда көш ілгері. Апатты және үш ауысымды мектептердің санын жойып, өскелең ұрпақты біліммен толыққанды қамтамасыз ету үшін де атқарылған шаруалар толағай.
Жалпы, қаймағы бұзылмаған Оңтүстік қай салада болмасын көш басында. Яғни Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, тапсырмалардың орындалуы бойынша республикада алғашқылардың қатарында. Өңірдегі аудан қалалардың өсіп өнуі, әлеуетінің артуы, экономикасының қарышты қадамдарға аяқ басуы, қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығы да жоғары. Бұл игі істер мен ілкімді шаруалардың бастаушысы облыс әкімінің және оның аппаратының атқарған жұмыстарының нәтижесі. Осы орайда айта кетейік, Облыс әкімі басшылыққа келгелі бері жеке қолтаңбасын қалдырған жобалары мен тың идеялары көп. Мәселен ел татулығының артып, ынтымағының беки түсуі үшін «Ырыс алды ынтымақ» форумының бастау алып, шымылдығын түруінде Асқар Мырзахметовтің елеулі үлесі бар. Ал, бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында «Максимум» АИО және «Ырыс» қаржы ұйымдары кәсіп иелерінің еңбек жолына аяқ басуына септігін тигізіп келеді. Облыс орталығы Шымкенттегі саябақтар мен көшелердің ретке келуінде де әкім Асқар Исабекұлы салмақты үлес қосты. Индустриалды жобалардың іске асуы, сондай-ақ, Шымкаладағы сәулеті мен салтанаты келіскен әкімшілік іскерлік орталығының, жалпы Астана даңғылының бойында орналасқан Нұртас шағын ауданның бой көтеруі бұл Асқар Исабекұлының оңды жобасының бірі ғана. Ал, елдің бүгіні мен өткенін тоғыстырып, жас ұрпаққа патриоттық тәлім мен тәрбие беретін Наурыз алаңындағы мұражай орталықтарының жұмыс жасауы облыс әкімнің игі ісінің бір көрінісі.
Өңірде атқарылған ілкімді істермен жүйелі жұмыстарды баяндаған облыс әкімінің есебіне халық қалаулылары бір ауыздан қолдау танытты.