Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында «Құқықтық мәдениет – мемлекет өрлеуінің кепілі» атты республикалық форум өтті. Қоғамда тәртіпті қадағалаушы құқық қорғау органдарының қызмет сапасын арттыруды көздеген жиын Елбасының «100 нақты қадам» реформасына негізделіп ұйымдастырылған. Форум барысында сонымен қатар, 100-ден аса оқу орнының түлектеріне сертификат табыс етілді. Облысымыздағы еңселі білім ордасы Б. Момышұлы атындағы оқу орталығы ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлайтын бірегей мекемелердің бірі. 40 жылдық тарихы бар оқу орнын бүгінге дейін 15 мыңдай кәсіби маман бітіріп шыққан. Ал бүгінгі лекте әскер сапында қызмет етіп, ендігі кезекте азаматтық борышын тәртіп сақшысы қатарында атқаруды мақсат тұтқан жас тыңдаушылар тәмамдағалы отыр.116 жас өрен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген. Бәрін де бір мақсат жұмылдырады – елге адал қызмет жасап, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қолына сертификат тиген жас қызметкерлер осылайша құқық қорғау саласындағы алғашқы баспалдағына қадам басты.Еліміз үшін басты байлық азаматтардың өмірі мен құқығы, қауіпсіздігі екені мәлім. Бұл тұрғыда полиция қызметкерлеріне артылар міндет жоғары. Құқық қорғау саласының сапасын арттырып, қызметін жетілдіру мақсатында Ұлт жоспарының бірнеше қадамында аталмыш бағытқа басымдық берілген.
Әбдімүтәлі ЖҰМАШ