Алматыда Наурызбай АІІД тергеушісі Е. Әнуарбек пен қалалық прокуратура қызметкері В. Тихонов уақытша ұстау абақтысына қамалды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Бас прокуратураның Тергеу департаменті Алматы қаласы Наурызбай АІІД тергеушісі Е. Әнуарбек және Алматы қаласы прокуратурасының қызметкері В. Тихоновқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 413-бабы бойынша (Қылмыстық жауаптылықтан көрiнеу заңсыз босату) қылмыстық істі тергеп жатыр», — деп жазылған ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қызметкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Бас прокуратураның жедел тергеу тобы жүргізуде.
«Е. Әнуар мен В. Тихонов бұрын бірнеше мәрте сотты болған Ж. және Д.-ны қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босатуының салдарынан олардың біреуі қайта ауыр қылмыс жасаған (қылмыскер қамауға алынды). Бас прокуратура қылмыс жасады деген күдікпен Е. Әнуарбек пен В. Тихоновты ұстап, уақытша тергеу изоляторына қамады», — деп толықтырды Бас прокуратура.
Дереккөз: baq.kz