Қала тұрғындары көптеп күткен жолайрық ашылды. Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жаңа жолайырықтың техникалық ашылуы өтті. Жаңа нысан көлік ағынын реттеп, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Ал жолдың төменгі бөлігін абаттандыру мен жаяу жүргіншілер өткелін ретке келтіру жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады.
Жаңа жолайрық көлік қозғалысы тығыз учаскелердің біріндегі жүктемені азайтуға бағытталған. Қазіргі таңда нысандағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол белгілері мен таңбалары салынған. Заманауи көлік шешімі кептелісті азайтып, қала аудандары арасындағы қатынасты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары биыл да қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатқа ағымдағы жылы 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жаңа жолайрықтың ашылуы — көлік қозғалысын реттеуге бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Дегенмен жолайрықтағы жұмыстар толығымен аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта төменгі деңгейдегі айналма қозғалысты, оң жақ өткел тармақтарын және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Нысанға жеті жылға дейін кепілдік мерзімі қарастырылған. Іргелес аумақты абаттандыруды қоса алғанда, барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Эстакаданың іске қосылуы жүргізушілердің уақытын үнемдеп, жолдағы кептелісті азайтуға септігін тигізеді. Ал қалған жұмыстардың толық аяқталуы тұрғындар мен жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.










