Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде ел тыныштығын күзетіп, қызметтік міндетін абыроймен атқарып жүрген қос азамат марапатталды. Капитан Рахымжан Тұяқбаев пен сержант Бахтияр Ахметжанұлының көп жылғы еңбегі мен Отан алдындағы адалдығы жоғары бағаланды.
Екі әскери қызметшінің де Отан алдындағы қызметі 2007 жылдан басталған. Сол жылы әскери ант қабылдап, ел тыныштығын қорғауға кіріскен Рахымжан Тұяқбаев пен Бахтияр Ахметжанұлы жылдар бойы түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келген. Қатардағы жауынгерден бастаған қос азамат бүгінде әскери салада тәжірибелі мамандар қатарында.
Капитан Рахымжан Тұяқбаевтың әскери жолы қатардағы жауынгерден басталып, бүгінде штаб бастығының орынбасары – жұмылдыру қызметінің бастығы қызметіне дейін жалғасты. Қызмет барысында радиостанция бастығы, бөлімше командирі, байланыс маманы және штабтың аға маманы сынды бірқатар жауапты лауазымдарды атқарған.
Сержант Бахтияр Ахметжанұлы да әскери қызметте қатардағы жауынгерден бастап, түрлі жауапты лауазымдарда тәжірибе жинақтады. Ол 7552, 6506 және 6698 әскери бөлімдерінде қызмет атқарып, аға маман және бөлімше басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Бүгінде ел алдындағы борышын жалғастырып, жас әскери қызметшілерге үлгі болып келеді.













