«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп…» – деп адамдықтың биік өлшемін ұсынған Абайдың әр сөзі бүгін де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ұлы ақынның туған күні – қазақ руханиятына тағзым ететін, ойшыл мұрасын қайта зерделейтін ерекше күн. 10 тамыз – Абай күніне орай Шымкентте бірқатар мәдени-рухани іс-шара ұйымдастырылды. Алдымен қаладағы Абай саябағында ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оның рухани мұрасына құрмет көрсетілді. Салтанатты рәсімге қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет саласының мамандары, журналистер мен қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Абайдың ұлт руханиятындағы айрықша орнын атап өтіп, оның өнегелі өмірі мен мол мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Абай – қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас ұлттың ой-санасын жаңа деңгейге көтерген кемеңгер. Оның «толық адам» туралы тағылымы, білім мен ғылымға үндеген өлеңдері, адамгершілік пен еңбекке шақырған қарасөздері бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Шара барысында Абайдың әдеби мұрасы ғана емес, оның терең философиялық ойлары мен адамгершілік қағидалары да кеңінен насихатталды. Әсіресе жастарға ақынның білімге, ғылымға, еңбекке ұмтылу жөніндегі өсиеттерін түсіндіруге басымдық берілді. Өйткені Абай айтқан «толық адам» тұжырымы – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін рухани ұстаным. Ақынның әрбір өлеңі мен қарасөзі адамды өзін тануға, ізденуге, білім алуға және елге қызмет етуге үндейді. Сондықтан Абай мұрасы – өткеннің естелігі емес, бүгінгі қоғамға бағыт беретін рухани құндылық.
Гүл қою рәсімінен кейін мерекелік бағдарлама «Хәкім Абай» музейінде жалғасты. Қонақтар мен қала тұрғындарына ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолын таныстыратын экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Абай әлемі» атты ашық есік күні өтіп, келушілерге бірнеше мазмұнды көрме ұсынылды. «Абайдың асыл мұрасы» көрмесінде ақынның шығармашылығына қатысты құнды дүниелер таныстырылса, «Көркем әлемдегі Абай» экспозициясында суретшілердің ұлы тұлға бейнесіне арналған туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Абай күні – ұлы ақынды еске алатын ғана емес, оның мұрасын қайта зерделеп, әр сөзінен тағылым алатын маңызды күн. Шымкенттегі рухани шаралар да осы мақсатқа арналды. Абайдың сөзі – ұлттың рухани темірқазығы. Ал кемеңгердің мұрасын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет.













