Жауын жауса Еңбекші ауданында су басу қаупі арта түседі. Әсіресе көктемгі жауын-шашын кезеңінде бұл мәселе өзекті болып отыр. Соңғы үш жылда ауданда су жиналатын 57 мекенжай анықталып, оның 21-інде ирригациялық арық жүйесі орнатылған. Ал биыл мұндай 52 мекенжай тіркелген. Ауданда бұл мәселе қашан толық шешімін табады? Көшелерді су басу қаупі толық сейіле ме?
Еңбекші ауданында нөсер жауған кезде көшелерді су басу жағдайлары жиі кездеседі. Бұл тұрғындар үшін қолайсыздық тудырып, жаяу жүргіншілерге де қиындық әкеледі. Мамандардың айтуынша, мұндай мәселенің негізгі себебі — ирригациялық жүйелердің су өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі немесе кейбір аумақтарда арық жүйелерінің мүлдем болмауы. Осыған байланысты биыл су басу қаупі бар қосымша 52 мекенжай анықталған. Қазіргі таңда олардың 12-сінде бірінші кезектегі тиісті жұмыстар жүргізілуде деп мәлімдеді аудан әкімі баспасөз конференциясында.










