Шымкентте жасанды интеллект дәуірінде қажет мамандарды даярлау мәселесіне арналған халықаралық семинар-практикум өтті. Шара білім беру жүйесіне, сондай-ақ тамақтандыру және қонақжайлылық индустриясының дамуына ықпал ететін маңызды басқосуға айналды. Бүгінде болашақ мамандарға қажетті кәсіби дағдылардың қалыптасуы өзекті болып тұр. Жасанды интеллект заманы тамақ пісіру мен қонақ күту мәдениетіне де әсер ете бастады. Ас мәзірін автоматты жоспарлайтын бағдарламалар мен цифрлық сервистер – мұның бәрі сала мамандарынан өзгерістерді талап етеді. Сол себепті ұйымдастырушылар Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауындағы міндеттерді орындау аясында әлемнің төрт елінен мықты сарапшыларды жинады. Алматыдағы «ProfSkills» орталығы, Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі мен Шымкенттегі Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі бірлесе өткізген семинарға WorldSkills халықаралық эксперттері мен тәжірибелі аспаздар қатысуда.
Шеберлік сабақтарында қатысушыларға цифрлық шешімдерді қолдану, роботтандырылған жүйелермен жұмыс, қызмет көрсету сапасын бағалайтын жаңа әдістер үйретілді. Студенттерді scaffold технологиясы арқылы оқыту – бұл семинардың басты ерекшеліктерінің бірі. Әдіс болашақ маманға тапсырманы кезең-кезеңімен меңгеріп, өз қабілетін аша түсуге мүмкіндік береді. Халықаралық семинар-практикум – білім мекемелері арасындағы әріптестікті нығайтып қана қоймай, болашақ мамандарға жаңа бағыт көрсететін маңызды алаңға айналды. Заман өзгерген сайын кәсіби талап та күшейеді. Ал бұл шара – сол өзгерістерге дайын болудың нақты қадамы.











