Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қарқын алып келеді. Қала әкімдігінің «Су құбыры және канализация басқармасы» мекемесі инвестициялық бағдарлама аясында ескі желілерді жаңартып, тұрғындарға үздіксіз әрі сапалы ауыз су жеткізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруда. Мекеме мамандарының айтуынша, Шымкент қаласы бойынша су құбыры мен кәріз жүйелерін жөндеу және қайта құру жұмыстары Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекіткен инвестициялық бағдарлама негізінде жүргізілуде. Бағдарламаның жалпы құны — 750 миллион теңгеден астам, оның ішінде 2025 жылға 110 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Жоба аясында ВС-1 және ВС-2 сорғы станциялары толықтай жаңартылып, электрқондырғылар мен насос жабдықтары алмастырылды. Сонымен қатар, қаланың бірнеше шағын аудандарында диаметрі 40 мм-ден 630 мм-ге дейінгі жаңа су құбырлары тартылған. Бақылау өткізу пункттері мен сорғы станцияларын жаңғырту арқылы су жүйелерінің қысымын тұрақтандыру және апаттық жағдайлардың алдын алу көзделіп отыр. Инвестициялық бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асады. Нәтижесінде, су жүйелеріндегі нормативті ысыраптар төмендеп, апаттық жағдайлар саны 10 пайызға азаяды деп күтілуде. Мамандардың айтуынша, бұл бастама — қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мен инженерлік желілердің сапасын арттыру бағытындағы нақты қадам. Осылайша, Шымкент қаласының су және кәріз жүйесін жаңғырту жобасы — қала инфрақұрылымының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды бастама болып отыр.